+7 7172 62-15-69 Мәңгілік Ел даңғылы, 57А, Астана қ., 010000 tisc@qazpatent.kz Дс-Жм 8:00-17:30, түскі үзіліс 12:00-13:30
Басты бетке

Жаңалықтар

Qazpatent Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтары (ТИҚО) қызметін ілгерілету аясында І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті үшін «Өнертабысқа өтінім беру, құқықтық қорғау және патенттік іздеу» тақырыбында онлайн-семинар өткізді.

2026 жылғы 17 ақпанда «Ұлттық зияткерлік меншік институты» (Qazpatent) Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің (бұдан әрі – университет) профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері үшін «Өнертабысқа өтінім беру, құқықтық қорғау және патенттік іздеу» тақырыптарында онлайн-семинар өткізді.

Іс-шара университеттің ғылыми және инновациялық әлеуетін дамытуға, зияткерлік меншікті басқару саласындағы білім мен құзыреттерді арттыруға, сондай-ақ Qazpatent-тің Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталығы (ТИҚО) мен университет арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.

Кіріспе сөзді университеттің ғылыми жұмыс және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Алефтина Сембайқызы Бахтаулова сөйледі. Ол университеттің ғылыми және инновациялық әлеуетін дамытудағы патенттік қызметтің маңызын атап өтіп, семинарды ұйымдастырғаны және университеттің зияткерлік меншікті басқару саласындағы білімін арттыруға көрсеткен қолдауы үшін Qazpatent-ке алғысын білдірді.

Семинардың модераторы әрі Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтарының (ТИҚО) қызметі туралы баяндамашы ретінде Qazpatent-тің Патенттік зерттеулер және Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтарын үйлестіру бөлімінің басшысы Ұлдана Қаратайқызы Шалабаева сөз сөйледі. Айта кету керек, университет 2022 жылғы 27 сәуірден бастап Qazpatent үйлестіретін Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтары (ТИҚО) жобасының қатысушысы болып табылады және зияткерлік меншікті басқару саласындағы білімді арттыруға белсенді түрде атсалысып келеді.

Семинар аясында Өнертабыстар мен селекциялық жетістіктерге формальды сараптама жүргізу басқармасының бас сарапшысы Гүлзия Беденқызы Қылышбаева «Өнертабыс пен пайдалы модельге патент алуға өтінім беру және құқықтық қорғау» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар, Физика және машина жасау саласындағы патенттік сараптама басқармасының бас сарапшысы Шыңғыс Жандарбекұлы Әлімбеков «Патенттік іздеу» тақырыбында баяндама ұсынды.

Семинар барысында университет қызметкерлері белсенді қатысып, өнертабыстарға өтінім беру, құқықтық қорғау және патенттік іздеу мәселелері бойынша өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Университет ТИҚО жобасы аясындағы ынтымақтастықты жалғастыруға қызығушылық білдірді.

Qazpatent ұйымдастырған семинар ғылыми ұйымдармен әріптестікті дамытуға және университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерінің зияткерлік меншік саласындағы біліктілігін арттыруға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде зияткерлік меншік объектілеріне құқықтық қорғау алуға өтінім берушілердің белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.