+7 7172 62-15-69 Мәңгілік Ел даңғылы, 57А, Астана қ., 010000 tisc@qazpatent.kz Дс-Жм 8:00-17:30, түскі үзіліс 12:00-13:30
Басты бетке

Жаңалықтар

Казпатент ТИҚО бойынша жұмыстарды ілгерілету шеңберінде “Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті” үшін “ғылыми әзірлемелерді халықаралық патенттеу”, “коммерцияландыру және гранттық қаржыландыру”тақырыптарында онлайн-семинар өткізді.

2026 жылғы 19 наурызда «Ұлттық зияткерлік меншік институты» (Kazpatent) Ғылым қорымен бірлесіп, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің (Қызылорда қ.) профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлеріне арналған «Ғылыми әзірлемелерді халықаралық патенттеу» және «Коммерцияландыру және гранттық қаржыландыру» тақырыптарында онлайн-семинар өткізді.

Іс-шара университеттің ғылыми және инновациялық әлеуетін дамытуға, зияткерлік меншікті басқару саласындағы білім мен құзыреттерді арттыруға, сондай-ақ Kazpatent жанындағы Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталығы (ТИҚО) мен университет арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.

Университет атынан кіріспе сөзді ғылыми зерттеулер және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Бурибаева Майнура Әбілтайқызы сөйледі. Ол университеттің ғылыми және инновациялық әлеуетін дамытудағы патенттік қызметтің маңызын атап өтіп, коммерцияландыруға ұсынылған университет жобалары туралы ақпарат берді.

«Ұлттық зияткерлік меншік институты» директорының орынбасары Артыкова Айдын Қыдырбайқызы құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасында зияткерлік меншік құқықтарын қорғауға қатысты жаңа норма көзделгенін атап өтті. Атап айтқанда, 23-бапта әркімнің өзінің зияткерлік, шығармашылық және өзге де қызметінің нәтижелеріне құқығы бар екендігі, сондай-ақ зияткерлік меншік заңмен қорғалатыны бекітілген. Бұл норма адамның зияткерлік қызмет нәтижелеріне деген құқығын конституциялық деңгейде таниды және мемлекеттің оларды құқықтық қорғауды қамтамасыз ету міндетін айқындайды.

Семинар модераторы ретінде Kazpatent-тің патенттік зерттеулер және Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтарын үйлестіру бөлімінің басшысы Шалабаева Ұлдана Қаратайқызы болды. Айта кету керек, университет 2024 жылғы 11 наурыздан бастап Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтары (ТИҚО) жобасының қатысушысы болып табылады.

Семинар аясында өнертабыстар мен селекциялық жетістіктерге формальды сараптама жүргізу басқармасы басшысының орынбасары Жұбанов Олжас Нұрадинұлы «Ғылыми әзірлемелерді халықаралық патенттеу» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар, «Ғылым қоры» АҚ инвестициялар және жаңа жобалар департаментінің директоры Жексембаева Айжан Шайханқызы Ғылым қорының гранттық қаржыландыру мүмкіндіктері туралы ақпарат берді.

Семинар барысында университет қызметкерлері белсенді түрде қатысып, халықаралық патенттеу және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мәселелері бойынша өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Университет Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтары жобасы аясындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға қызығушылық білдірді.