2026 жылғы 15 сәуірде «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК (Kazpatent) Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің (бұдан әрі – университет) профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлеріне арналған «Зияткерлік меншік: Қазақстан Республикасы заңнамасындағы өзгерістер мен толықтырулар» тақырыбында онлайн-семинар өткізді.
Іс-шара университеттің ғылыми және инновациялық әлеуетін дамытуға, зияткерлік меншікті басқару саласындағы білім мен құзыреттерді арттыруға, сондай-ақ Kazpatent жанындағы Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталығының (бұдан әрі – ТИҚО) университетпен ынтымақтастығын нығайтуға бағытталды.
Кіріспе сөзді ғылыми зерттеулер және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Бурибаева Майнура Әбілтайқызы сөйледі. Ол университеттің ғылыми және инновациялық әлеуетін дамытудағы патенттік қызметтің маңыздылығын атап өтті.
Kazpatent өкілдері «Зияткерлік меншік: Қазақстан Республикасы заңнамасындағы өзгерістер мен толықтырулар» тақырыбында баяндама жасап, 2026 жылғы 25 қаңтардан бастап күшіне енген Патент туралы заңға және «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары, географиялық көрсеткіштер және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» заңға енгізілген өзгерістер туралы баяндады. Сонымен қатар, «Авторлық құқық» және «Өнеркәсіптік меншік объектілерін пайдалану, құқықтарды берудің негізгі нысандары» тақырыптары бойынша ақпарат ұсынылды.
Семинар барысында университет қызметкерлері белсенді қатысып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жан-жақты жауап алды. Университет Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталығы (ТИҚО) аясында Kazpatent-пен ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін білдірді.
