2026 жылғы 15–16 қаңтарда Ұлттық зияткерлік меншік институтының (Qazpatent) өкілдері Павлодар қаласындағы «Торайғыров университеті» КЕАҚ-да өткен профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерге арналған қысқы мектеп жұмысына онлайн форматта қатысып, оның аясында ұйымдастырылған «Университеттегі ғылым: идеядан коммерцияландыруға дейін» атты семинарға қатысты.
Іс-шара университеттің ғылыми және инновациялық әлеуетін дамытуға, зияткерлік меншікті басқару саласындағы құзыреттерді арттыруға, сондай-ақ ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың тиімді тетіктерін қалыптастыруға бағытталды. Qazpatent-тің қысқы мектеп жұмысына қатысуы Институттың жоғары оқу орындары және ғылыми ұйымдармен серіктестік ынтымақтастығын дамыту жөніндегі жүйелі қызметінің бір бөлігі болды.
Семинардың жеке бөлімі зияткерлік меншікті (ЗМ) басқару мәселелеріне арналды. Оның аясында Qazpatent сарапшылары ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың нәтижелерін құқықтық қорғау және коммерциялық пайдалану жөніндегі өзекті тәсілдерді таныстырды.
Кіріспе сөзді Ұлттық зияткерлік меншік институты директорының орынбасары Айдын Қыдырбайқызы Артыкова сөйледі. Өз сөзінде ол зияткерлік меншіктің ғылыми прогресс пен экономикалық өсудің негізгі факторларының бірі екенін атап өтті, Павлодар облысындағы өнертапқыштық белсенділіктің жоғары деңгейіне тоқталды және өңірде зияткерлік меншік объектілерін тіркеу бойынша статистикалық мәліметтерді ұсынды. Сонымен қатар, өнеркәсіп сұраныстары мен өңірлік даму саясатының басымдықтарына сәйкес келетін перспективалы технологиялық бағыттар айқындалып, өңірлік брендтерді дамыту және өнімнің қосылған құнын арттыру құралы ретінде Павлодар облысының географиялық көрсеткіштерді тіркеу әлеуеті ерекше атап өтілді.
Университеттер мен ғылыми ұйымдардағы зияткерлік меншікті басқару ерекшеліктері туралы баяндамамен Qazpatent-тің Патенттік зерттеулер және Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтарын (ТИҚО) үйлестіру бөлімінің басшысы Назифа Бақтыбайқызы Бақтыбаева сөз сөйледі. Ол университеттік ортада ЗМ басқарудың негізгі кезеңдерін, ҒЗТКЖ нәтижелерін патенттеу мәселелерін, сондай-ақ өңірдегі өнертапқыштық белсенділіктің жоғары деңгейі мен өнеркәсіп қажеттіліктерін ескере отырып, жоғары оқу орындарының зияткерлік меншік саясатын қалыптастыру және өзектендіру қажеттілігін қарастырды.
Айта кету керек, «Торайғыров университеті» КЕАҚ Qazpatent үйлестіретін Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтары (ТИҚО) жобасының қатысушысы болып табылады және патенттік ақпарат, ҒЗТКЖ нәтижелерін құқықтық қорғау және әзірлемелерді коммерцияландыру саласындағы қызметтерді белсенді түрде дамытып келеді.
Университеттегі ТИҚО үйлестірушісі – Қазақстан Республикасының патенттік сенім білдірілген өкілі және «Торайғыров университеті» КЕАҚ патенттанушысы Александр Павлович Абраменко.
Технологияларды беру және өнеркәсіптік меншік объектілеріне құқықтарды иелену мәселелерінің практикалық аспектілері туралы Qazpatent-тің өнеркәсіптік меншік объектілеріне құқықтарды иелену туралы шарттарды тіркеу басқармасының басшысы Саят Асанұлы Шидербеков баяндама жасады. Ерекше назар лицензиялық шарттарды Qazpatent-те тіркеу мәселелеріне және олардың алынған патенттерді коммерцияландырудағы рөлін арттыруға аударылды.
Пікірталас барысында семинар қатысушылары өнеркәсіп қажеттіліктеріне сәйкес зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды ресімдеу мәселелерін талқылап, ғылыми әзірлемелерді экономикаға енгізудің негізгі құралдарының бірі ретінде лицензиялық шарттарды тіркеу белсенділігін арттыру қажеттігін атап өтті.
Qazpatent-тің қысқы мектеп жұмысына онлайн қатысуы оның зияткерлік меншік саласындағы негізгі ұлттық институт ретіндегі рөлін, сондай-ақ ғылымды, технологияларды және өңірлік экономиканы дамытуға бағытталған тұрақты инновациялық экожүйені қалыптастырудағы университеттермен серіктестік өзара іс-қимылының маңыздылығын тағы бір мәрте растады.
